16 айдан кейін ол мансабын қайта жандандырып, ауыр кезеңді бастан өткергенін хабарлады
Аса ауыр салмақта өнер көрсететін британдық Тайсон Фьюри Лондонда өткен бокс кешінде ресейлік Арсланбек Махмудовпен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
12 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін өтті. Алғашқы раундтарда Махмудов белсенді көрінгенімен, Фьюри жеке шеберлігі мен тәжірибесінің арқасында қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Нәтижесінде төрешілер 119:109, 120:108, 120:108 есебін тіркеп, британдық боксшының қолын көтерді.
Еске салайық, «Сыған патшасы» лақап атымен танымал Тайсон Фьюри соңғы екі жекпе-жегінде украиналық Александр Усикпен жұдырықтасып, екеуінде де жеңілген болатын. Бүгінгі жеңіс - оның мансабындағы 35-ші (24-і нокаутпен).
Есте болса, 2025 жылдың қаңтарында Фьюри қолғабын шегеге ілгенін хабарлаған болатын. Алайда, 16 айдан кейін ол мансабын қайта жандандырып, ауыр кезеңді бастан өткергенін хабарлады.
Ал, Махмудов болса кәсіпқой бокста үшінші рет жеңіліп отыр. 36 жастағы ресейлік боксшы 21 рет жеңіске жеткен (19-ы нокаутпен).