Сарапшының айтуынша, Сабырханның бұрыннан бар әлсіз тұстары әлі де байқалады
Британдық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон қазақстандық Төрехан Сабырханның Ұлан-Баторда (Моңғолия) өткен 2026 жылғы Азия чемпионатының финалындағы жеңілісіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, Зейяд Ишашқа қарсы бұл жеңіліс күтпеген жағдай емес, керісінше бұрыннан байқалып келе жатқан мәселелердің заңды көрінісі.
«Соңғы бір жыл бойы мен Сабырханды Жүсіпов, Колденков және Ишаш сияқты қарсыластармен рингте көргім келетінін айтып келдім. Бұл – даңғаза үшін емес, дәл осындай жекпе-жектер боксшының шынайы деңгейін айқындайтын сынақ. Бұл кездесу сондай сынақ болды және көп жайтты анық көрсетті.
Төреханның талантына күмән жоқ. Алайда бұрыннан бар әлсіз тұстары әлі де байқалады. Ол жекпе-жекті толық бақылап тұрған сәттердің өзінде орынсыз тәуекелге барады: кейде ұстанымынан айырылады, қажетсіз алмасуға түседі, кейде есеппен әрекет етудің орнына көрерменге ойнайды. Соның салдарынан артықшылығын бірізді түрде дамыта алмайды.
Ишаш секілді ыңғайсыз, қарқыны жоғары әрі сабырлы қарсыласқа қарсы мұндай қателіктер кешірілмейді. Ол қарсыласын тәртіп сақтауға мәжбүрлейді, ал сен сол тәртіптен жаңылсаң — жекпе-жекті өз пайдасына бұрып алады.
Соған қарамастан, Сабырхан — болашағы зор, жоғары деңгейге ұмтылып келе жатқан боксшы. Мұндай кездесулер — ересектер деңгейіне өтудің, кәсіби тұрғыда қалыптасудың табиғи кезеңі. Дәл осындай жекпе-жектер қай тұста өзгеріс қажет екенін айқын көрсетеді», — деп жазды британдық сарапшы.