Жарнама
Жарнама

Жәнібек Әлімханұлы WBO шешімін қайта қарауды талап етті

Редактор
Бүгін, 14:04

Боксшы дисквалификацияға қатысты WBO-ға ресми апелляция берді

 

әлеуметтік желі

Орта салмақтағы бұрынғы біріктірілген әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен оның командасы дисквалификацияны қысқарту немесе толықтай алып тастау туралы талаппен Дүниежүзілік бокс ұйымына (WBO) ресми түрде апелляция жолдады. Бұл туралы Sports.kz жазды.

Қазіргі таңда Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін сақтап отыр. Алайда ол өткен жылдың желтоқсанында WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған біріктіру жекпе-жегі алдында тапсырған сынамасынан мельдоний табылып, биылғы желтоқсанға дейін жарыстардан шеттетілген еді.

WBO президенті Густаво Оливьери бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, апелляцияның қазір арнайы комиссия қарауында екенін жеткізді. Оның айтуынша, шағымды тәуелсіз заңгерлер мен лицензияланған мамандардан құралған комиссия қарап, түпкілікті шешім шығарады. Нәтижесінде дисквалификация күшінде қалуы да, мерзімі қысқаруы да немесе толықтай жойылуы да мүмкін.

Осы аралықта ұйым дивизиондағы белсенділікті сақтау үшін уақытша чемпиондық белбеуді енгізді. Бұл мүмкіндікті британдық Дензел Бентли пайдаланып, венесуэлалық Эндри Сааведраны мерзімінен бұрын жеңіп, WBO Interim чемпионы атанды. Қазір ұйым Бентли мен рейтингте екінші тұрған кубалық Йоэнлис Эрнандес арасында жекпе-жек ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Бентли міндетті қорғауға дейін бір ерікті жекпе-жек өткізуі де ықтимал.

Оливьеридің мәлімдеуінше, міндетті қорғаныс екі жылдан астам уақыт өтпегендіктен, Бентлиге Эрнандеспен кездесу міндеттелуі мүмкін.

Егер Әлімханұлының апелляциясы қанағаттандырылып, дисквалификация қысқартылса немесе толық жойылса, WBO қазақстандық боксшы мен Бентли арасында чемпиондық жекпе-жекті жедел түрде ұйымдастыруы ықтимал. Бұл жағдайда Эрнандес келесі міндетті үміткер мәртебесін сақтап қалады.

Айта кетейік, дисквалификацияға дейін Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпион атанған еді. Алайда IBF ұйымы оң допинг-сынамаға байланысты оны титулынан айырып, белбеуді вакант деп жариялады.

Реклама
Реклама