«Шақырса қазір келуге дайынмын»: Василий Жиров ұлттық құраманы баптауға дайын

Редактор
19.02.2024, 15:15

Бұл міндетті қазір Мырзағали Айтжанов атқарып келеді

Фото ашық дереккөзден

Бокстан Атланта олимпиадасының чемпионы Василий Жиров Қазақстанға оралып, ұлттық құрамаға бас бапкер болғысы келетінін жасырмады. Ол спорт саласының басшылығынан нақты ұсыныс түссе, АҚШ-тан Қазақстанға оралуға дайын екенін айтып отыр.

1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиада ойындарында топ жарған боксшы араға бір жыл салып кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Қазір ол АҚШ азаматы, соңғы уақытта туған жерге сағынышын жиі айтып жүр.

«Өз мансабымда туған мекенім, кіндік қаным тамған жерім Қазақстанды мақтан тұтамын. Александр Апачинский, Әбдісалан Нұрмаханов, Феликс Цой, Ярослав Фетисов, Станислав Болдырев және басқа да көптеген танымал жаттықтырушылармен жұмыс істегенмін, менде қисапсыз мол тәжірибе бар. Олар өз ісінің шебері еді. Жеке жаттықтырушым Александр Апачинскиймен бірлесіп, бокста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алдым. Менің америкалық мамандармен де тәжірибем барын жоққа шығармаймын. Соңғы бірнеше жылда елге оралуды жиі ойлап жүрмін, туған жерді сағындым. Егер Отанымнан ұсыныс түссе, әрине, мен оны қуана қабылдаймын», - деді Василий Жиров Kazinform-ге берген пікірінде.

Кәсіпқой бокстан экс-чемпион биыл Париждегі Олимпиадада отандық былғары қолғап шеберлері чемпион атанатынына еш шүбә келтірмейтінін жеткізді.

«Өткен Олимпиадада бізде алтын медаль болмағанына қарамастан, қазақстандық боксты ешқашан есептен шығаруға болмайды. Еліміздің бас командасына лицензиялық турнирлерге ойдағыдай дайындалып, Парижге мүмкіндігінше көп жолдама ұтып алады деген сенімдемін. Әрбір қазақстандық сияқты, мен де Франция астанасында еліміздің Әнұраны шырқалғанын қалаймын», - деді Балқаш тумасы.

Василий Жиров 1991-1996 жылдары Қазақстан Ұлттық құрамасыда болған спортшы. Ол бастапқыда 75 келіде сынға түсіп, кейін 81 келіде өнер көрсетті. Жиров еліміз егемендік алғаннан кейін әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы боксшы. 1993-1995 жылы екі әлем чемпионатында қола жүлде иеленсе, Азия Ойындарында да қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Азия чемпион атанып, кейін төртжылдықтың басты ойындарында чемпион атанды.

Материалда: