Жеңімпаздарға спорт шеберіне үміткер атағы беріледі
Бүгін Алматыда бокстан қыздар (жасөспірімдер мен жастар) арасында Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың жүлдесіне арналған VI халықаралық турнир басталады.
20-24 ақпан аралығында жалауы желбірейтін турнир «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығында үздіктерді анықтайды.
Турнирге 2006-2007 және 2008-2009 жылы туған Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның әр өңірінен 200-ден аса бұрымды боксшылар қатысады. Сондай-ақ, жасөспірімдер – 13, жастар – 12 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтамақ.
Аталған халықаралық турнир түрлі елдердің бокс мектептерінің өкілдері арасында достық байланыс пен тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, қатысушыларға өз шеберлік деңгейін, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік бергелі отыр. Бұдан бөлек, салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздарға Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағы беріледі.