Жарнама
Жарнама

Сәкен Бибосынов титулсыз қалды: Бішкектегі басты айқас тоқтатылды

Редактор
19.05.2026, 09:48

23 мамырға жоспарланған «Bishkek Worldwide Clash» бокс кеші өтпейтін болды

olympic.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың WBA Asia белбеуі үшін жекпе-жегі ресми түрде өтпейтін болды.

Бішкекте (Қырғызстан) 23 мамырға жоспарланған «Bishkek Worldwide Clash» бокс кешінің ұйымдастырушысы – SaikouLush Boxing Promotions турнирдің толықтай тоқтатылғанын мәлімдеді.

Промоушнның ресми хабарламасында турнирдің күтпеген жағдайларға байланысты өтпейтіні айтылды.

«Барлық боксшылардан, командалардан, жаттықтырушылардан, серіктестерден, демеушілерден және бұл кешті тағатсыздана күткен жанкүйерлерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Қолдау көрсеткен баршаңызға алғыс білдіреміз және алдағы уақытта бұдан да мықты болып ораламыз деп сенеміз», – делінген мәлімдемеде.

Аталған кеште Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (2-0, 1 KO) индонезиялық Сурия Дхармаға (4-0, 3 KO) қарсы шығып, WBA Asia тұжырымының вакантты белбеуін сарапқа салуы тиіс еді.

Жекпе-жектің өтпейтініне Бибосыновтың өзі де пікір білдірді.

«Өкінішке қарай, 23 мамырдағы жекпе-жек белгілі бір себептерге байланысты болмайды. Жоспар өзгерді. Жұмыс жалғасады», – деп жазды қазақстандық боксшы Instagram парақшасында.

Айта кетейік, бұл кездесу бастапқыда 17 сәуірге белгіленген болатын. Алайда кейін ұйымдастырушылар Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты турнирді өткізу мүмкін еместігін хабарлап, жекпе-жекті 23 мамырға ауыстырған еді. Енді бокс кеші толықтай тоқтатылды.

Сәкен Бибосынов кәсіби рингте әзірге екі жекпе-жек өткізді. Ол 2025 жылдың 20 шілдесінде филиппиндік Кристиан Леганені бірінші раундта нокаутқа түсірсе, сол жылдың 26 қазанында қырғызстандық Әділет Қачқынбековті төрешілер шешімімен жеңген болатын.

Реклама
Реклама