Жарнама
Жарнама

Асланбек Шымбергенов мансабына қатысты көпшіліктің сауалына жауап берді

Редактор
19.05.2026, 10:08

Боксшы ем қабылдап жүргенін айтты

ҰОК

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов ұлттық құрамаға қайта оралу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. 

Тәжірибелі боксшы қазіргі таңда денсаулығын қалыпқа келтірумен айналысып жатқанын айтты.

«Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Жарақаттарым болды, ем қабылдап жатырмын. Денсаулығыма көңіл бөліп жүрмін. Құрамаға ораламын ба, жоқ па – әзірге белгісіз. Карьерамды аяқтадым деп те нақты айта алмаймын. Мүмкін аяқтаған шығармын, мүмкін әлі жалғастырармын», – деді экс-капитан  Sport12.kz-ке.

Асланбек Шымбергенов 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2022 жылы Амманда ұйымдастырылған Азия чемпионатында да топ жарған болатын.

Сонымен қатар, Шымбергенов «Astana Arlans» клубы сапында 2015 және 2017 жылдары Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) чемпионы атанды. Бұдан бөлек, ол екі мәрте Әлемдік әскери ойындардың жеңімпазы атанып, Азия ойындарының күміс және қола жүлделерін иеленген.

Боксшы соңғы ресми жекпе-жегін 2024 жылдың 28 шілдесінде Париж Олимпиадасында өткізді. Сол кезде ол алғашқы айналымда иорданиялық Зейад Ишаишке есе жіберген еді. Ал Олимпиададан кейін Асланбек денсаулығына байланысты үзіліс алды. Ал 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басындағы оқу-жаттығу жиындарына қатыспағандықтан, ұлттық құрамадағы орнынан айырылды.

Реклама
Реклама