Жарнама
Жарнама

Дмитрий Бивол Бетербиевпен үшінші жекпе-жектің неге өтпей жатқанын түсіндірді

Редактор
Бүгін, 13:05

Биволдың айтуынша, Бетербиевпен трилогия өткізу жоспары әлі күн тәртібінен түскен жоқ

әлеуметтік желі

Жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Дмитрий Бивол отандасы Артур Бетербиевпен үшінші рет қолғап түйістіруге қарсы емес екенін айтты. Алайда оның сөзінше, әзірге мұндай жекпе-жекті ұйымдастыруға нақты мүмкіндік туындамай отыр.

30 мамыр күні Екатеринбургте өтетін RCC Boxing Promotions кешінің басты жекпе-жегінде Бивол IBF нұсқасы бойынша міндетті үміткер Михаэль Айфертпен кездеседі. Қазіргі таңда ресейлік боксшы WBA, WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерге ие.

Еске салсақ, 2024 жылдың қазанында Артур Бетербиев Дмитрий Биволды жеңіп, жартылай ауыр салмақтың абсолютті чемпионы атанған болатын. Ал 2025 жылдың ақпанында Бивол қарымта кездесуде жеңіске жетіп, есесін қайтарды. Кейін ол WBC белбеуінен бас тартып, аталған титул Дэвид Бенавидеске өтті.

Биволдың айтуынша, Бетербиевпен трилогия өткізу жоспары әлі күн тәртібінен түскен жоқ.

«Бұл жекпе-жек әбден мүмкін. Мен бұл қарсыластыққа нүкте қойғым келетінін бірнеше рет айттым. Бірақ әзірге біздің командаға толықтай тиімді болатын ұсыныс түскен жоқ. Мұнда мәселе менің спорттық амбициямда емес, команданың салқынқанды есебінде. Қазір ондай мүмкіндікті көріп тұрған жоқпын. Дегенмен белгілі бір нұсқалар бар, сондықтан сабыр сақтау қажет», — деді Бивол.

Сондай-ақ ол Бетербиевтің жасына қатысты пікір білдірді.

«Оның 41 жаста екені менің мәселем емес. Өзім де 35-темін, желтоқсанда 36 жасқа толамын», — деді чемпион.

Бивол соңғы уақытта өзіне бағытталған сын-пікірлерге мән бермейтінін де жасырмады.

«Мен туралы түрлі адамдар әртүрлі пікір айтады. Егер соның бәріне көңіл бөлсем, өз өміріме уақыт қалмас еді. Сондықтан ондай сөздерді елемеуге тырысамын. Бенавидес те, Рамирес те талай нәрсе айтты. Жалпы қарсыластарымның түрлі мәлімдемелеріне үйреніп кеткенмін», — деді Дмитрий Бивол.

Реклама
Реклама