«Айтжанов украин боксына тосқауыл қойды»: өзбек бапкері жұрт күтпеген мәлімдеме жасады

Редактор
21.02.2024, 14:32

Ол уақытында Мырзағали Айтжановтан ақыл-кеңес сұрап отырған

Фото ашық дереккөзден

Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышов қазақ боксына қатысты пікір білдірді. «Егемен Қазақстанға» шыққан мақақалада көрші елдің бокс маманы қазақ былғары қолғап шеберлеріне өз бағасын берді.

«Мырзағали Айтжанов әлемдегі мықты жаттықтырушының бірі. Ол Қазақстан құрамасының тізгінін алғаш ұстағанда әлемдік бокста Украина атойлап тұрған еді. Сол кезде украиналықтарға лайықты бәсекелестік танытып, екпінін басқан дәл осы Қазақстан боксшылары еді. Мен ол уақытта бапкерлік жұмысқа енді кірісіп, Шыршық құрамасын жаттықтыруды қолға алған едім. Мырзағали ағадан, Марат Жәкиевтен білмегенімді сұрап, ақыл-кеңес алып тұратынмын», - деді ол. 

Өзбек маманы М.Айтжановтан қажет кезде кеңес алып, жұмысын жүйелеп алған.

«Кейде төрешілердің әділетсіздігіне шыдамай ширығып шыға келетін едік. Сондай кезде Мырзағали ағамыз: "Толқын, айқайлағаннан ештеңе шықпайды. Олар шешімін енді өзгертпейді. Сондықтан шәкірттеріңді бұдан да мықты етіп дайындай бер. Ашуға ерік берсең, ұзамай-ақ таусылып тынасың. Алдағы уақытта мұндай әділетсіздіктің талайын көресің", дейтін. Қарап отырсам, Мырзағали бапкер дұрыс айтқан екен. Одан кейін де талай дүние бастан өтті ғой», - деді Толқын Қылышов.

Бұған дейін Қазақстан құрамасының бапкері Мырзағали Айтжанов Ташкентте Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловтың тойына барып, игі тілегін айтқан еді. Сол тойда қазақ маманы өзбектің бас бапкерінің атына жақсы пікір айтып, жоғары баға берген.