Мырзағали Айтжанов Өзбекстаннан көшіп келген қазақ боксшысы туралы пікірін айтты

Редактор
21.02.2024, 23:39

Ол енді Түркістан облысы атынан рингке шығады

olympic.kz

Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған боксшы Аман Қонысбеков Алматыда ұлттық құрама боксшыларымен бірге оқу-жаттығу жиынында жүр. Бұл туралы Қазақпаратқа сұхбат берген бас бапкер Мырзағали Айтжанов айтты деп жазды Bassport.

Өзбекстан чемпионатының қола жүлдегері ендігіде Түркістан облысы атынан рингке шығады.

«Аман бауырымыз желтоқсан айында Астанада тұратын туысқан ағасымен бірге келіп танысып, елге біржола көшіп келгенін, енді алдағы уақытта қазақ спортшыларымен бірге жаттығып, солармен бірге еліміздің намысын қорғағысы келетініндерін айтты. Әрине, келем деген баланың кеудесінен итеру табиғатымызда жоқ. Елге ел қосылса құт емес пе... Мен келісім беретінімді айттым.

Алайда, келмес бұрын Өзбекстанға барып, бұрынғы бапкеріңнен заңды тұрде рұқсатыңды алып кел деп жібердім. Ол менің тапсырмамды ойдағыдай орындап келді. Қазір біздің боксшылармен бірге Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарында жүр. Болашақта Түркістан облысының атынан сынға түсетін болады», - деді Айтжанов.

Айта кетейік, Аман Қонысбеков бокстан 2023 жылғы Өзбекстан Республикасының чемпионатында қола жүлде еншілеген. Ол 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.