Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасының 5 боксшысы жартылай финалға шықты

Редактор
Бүгін, 18:05

Азия чемпионаты 16 шілдеге дейін жалғасады

ҰОК

Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 23 жасқа дейінгі (U23) боксшылар ширек финалдық жекпе-жектерін өткізді.

Кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының бес боксшысы жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медальді өз қоржындарына салды.

Күндізгі сессияда 50 келіге дейінгі салмақта Нұрзат Оңғаров биылғы Азия чемпионатының финалисі, жапониялық Дайчи Иваиге 2:3 есебімен есе жіберді. Ал жастар арасындағы әлем чемпионы Бексұлтан Боранбек (55 кг) Оңтүстік Корея өкілі Вужу Жангты 5:0 есебімен сенімді жеңді.

60 келіде Нұрасыл Төлебек Қырғызстан боксшысы Амантүр Жұмаевты 4:1 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Ал 65 келідегі Асылхан Көшербай үндістандық Вансаждан 1:4 есебімен жеңілді.

70 келіде Нұрбек Мұрсал Сауд Арабиясының өкілі Мажед Алхаж Иссені 4:1 есебімен жеңді.

75 келі салмақта Аман Қонысбеков жапониялық Хибики Кававатаны бірнеше мәрте нокдаунға жіберіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Жарыс күнін Темерлан Мұқатаев (85 кг) қорытындылап, Үндістан боксшысы Рокей Чаудхариді 4:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.

Айта кетейік, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 16 шілдеге дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы бұл құрлықтық додаға екі жас санаты бойынша жалпы 39 боксшыны қатыстырды.

Реклама
Реклама