Дензел Бентли WBO-ның толыққанды чемпионы атанды
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім шығарды.
Ұйым қазақстандық боксшының орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқанын ресми бекітіп, британдық Дензел Бентлиді WBO-ның толыққанды чемпионы ретінде таныды.
Сонымен қатар, WBO Әлімханұлының суперорта салмақ рейтингіне енгізу туралы өтінішін қарау үшін арнайы рейтинг комитетіне жолдағанын мәлімдеді. Ал орта салмақтағы міндетті үміткер мәртебесі кубалық Йоэнли Эрнандеске берілді.
Жәнібек жуырда суперорта салмаққа ауысқанын жариялап, бұл шешім командасымен, менеджерімен және промоутерімен жан-жақты ақылдасқаннан кейін қабылданғанын айтты.
«Орта салмақта екі әлем чемпионы белбеуін жеңіп алдық. Енді суперорта салмақта да осы жолды жалғастырамыз. Алла қаласа, үш-төрт салмақта чемпион атанамыз», – деді Әлімханұлы.
Қазір қазақстандық боксшы мельдонийге байланысты допинг ережесін бұзғаны үшін 2026 жылдың желтоқсанына дейінгі дисквалификациясын өтеп жатыр. Бұған дейін IBF оның чемпиондық белбеуін тартып алса, WBO соңғы шешіміне дейін титулды өзінде қалдырған еді.
Әлімханұлының рингке желтоқсан айында оралуы күтіледі. Ал жаңа салмаққа өткен бойда ол бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альваресті жекпе-жекке шақырып үлгерді.
Соңғы рет Жәнібек 2025 жылдың сәуірінде француз Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін қорғаған болатын.