Жарнама
Жарнама

«Мен өзімді таңдадым»: Ангелина Лукас спорттық мансабын тоқтатады

Редактор
Бүгін, 16:20

Боксшы соңғы уақытта не себепті рингке шықпай жүргенін түсіндірді

Әлеуметтік желі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас кәсіби мансабына уақытша үзіліс алатынын мәлімдеді. Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, соңғы уақытта не себепті рингке шықпай жүргенін түсіндірді.

Лукас 2025 жылы алты жекпе-жек өткізіп, бір жыл ішінде бірнеше мәрте ұзақ дайындықтан өтті. Оның айтуынша, тұрақты сапарлар, ауыр жаттығулар, жарақаттар, ауру, стресс пен эмоционалдық қысым ағзасына айтарлықтай салмақ түсірген.

«2025 жылы алты кәсіпқой жекпе-жек өткіздім. Алты дайындық, үздіксіз сапарлар, ауыр жүктемелер, стресс, жарақаттар, аурулар, жеңістер және реванш. Кейде рингке ағзамның мүмкіндігі шегінде шығатынмын. Әдемі суреттердің, белбеулер мен жеңістердің артында не болып жатқанын ешкім көрген жоқ», – деп жазды боксшы.

Лукас өткен кезеңде физикалық қиындықтармен қатар, эмоционалдық тұрғыдан да ауыр сәттерді бастан өткергенін айтты. Соған қарамастан ол жаттығуын тоқтатпай, рингке шығып, жеңістерге жеткен.

Кәсіпқой бокстағы жетістіктерінің қатарында IBO Super чемпионы атануы, WBC рейтингінде көш бастауы және IBF рейтингінде бірінші орынға көтерілуі бар. Сондай-ақ ол абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке бірінші үміткер атанғанын атап өтті.

Қазір қазақстандық боксшы Еуропада жүр. Ол саяхаттап, жаңа жобалармен айналысып, физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қайта қалпына келуге уақыт бөліп жатыр.

«Қазір мен өзімді таңдадым. Маған күшімді, тыныштығымды және рингке шығуды шын жақсы көретін Ангелинаны қайта табу керек», – деді Лукас.

Сонымен қатар боксшы мансабын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ. Ол толық қалпына келгеннен кейін рингке қайта оралатынын және ендігі басты мақсаты абсолютті әлем чемпионы атану екенін мәлімдеді.

«Мен міндетті түрде ораламын. Бірақ толық қалпына келгеннен кейін және шын мәнінде үлкен мақсат үшін ғана. Мен абсолютті әлем чемпионының белбеуі үшін ораламын. Қалғаны енді мені қызықтырмайды», – деп жазды Ангелина Лукас.

Реклама
Реклама