IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай филиппиндік Нил Хакамоспен кездеседі
Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған отандасымыз дебютінде бірден IBF Asia тұжырымының чемпиондық белбеуіне таласады.
28 тамызда Астанада Халықаралық бокс күніне орай өтетін IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай филиппиндік Нил Хакамоспен кездеседі. Жекпе-жек бірінші аса жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпиондығының бос тұрған белбеуі үшін өтеді.
Тәшкенбай қарсыласын осал санамайтынын және кәсіпқой бокстағы алғашқы сынаққа толық дайын екенін айтты.
«Алғашқы жекпе-жегімде бірден белбеу үшін жұдырықтасу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Қарсыласым әлсіз емес. Соққылары өте ауыр әрі кәсіпқой бокста тәжірибесі бар. Жекпе-жекті барынша белсенді өткізіп, соңына дейін жұмыс істеп, қарсыласыма рингті бермеуге тырысамын», – деді Тәшкенбай.
Қазақстандық боксшы мықты қарсыласпен кездесу өзінің шынайы деңгейін тексеруге мүмкіндік беретінін де атап өтті.
«Қарсыласымның мықты болғаны маған тіпті жақсы. Екеуміз көрермендерге тартысты әрі қызықты жекпе-жек көрсетеміз деп ойлаймын. Қазір бабым жақсы, алдағы айқасқа толық дайынмын. Бұл жекпе-жекті өзім қаладым. Кәсіпқой бокста өзімді сынап көргім келді», – деді ол.
Санжар кәсіпқой бокстағы түпкі мақсатын да жасырмады. Қазақстандық боксшы болашақта өз салмағының үздігі атанып, жапониялық жұлдыз Наоя Иноуэмен бір рингте кездескісі келеді.
«Басты мақсатым – өз салмағымның патшасы атану. Бір күні Иноуэмен рингке шыққым келеді. Ол – маған ең қатты ұнайтын боксшылардың бірі», – деді Тәшкенбай.