Жекпе-жек жеңімпазы IBF екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек мансабындағы ең маңызды жекпе-жектердің біріне дайындалып жатыр. Ол 26 қыркүйекте Аустралияда боксшы Джексон Инглендпен кездеседі.
Бұл айқастың маңызы жоғары: жекпе-жек IBF тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткерді анықтайды.
Зауырбек әлеуметтік желідегі парақшасында бұл кездесуді бір жыл бойы күткенін жазды.
«1 жыл. 365 күн. Бір мақсат. Бір жыл бойы осы күнді күттім. Күн сайын дайындалдым, ауыр жаттығулардан өттім, өзімді сынадым. Енді күткен уақыт келді. Жекпе-жек уақыты. Енді сөз емес – іс көрсететін кез. Еңбектің нәтижесін рингте көрсетемін. 1 жыл күттім. Енді соңына дейін барамын», – деп жазды боксшы.
26 қыркүйектегі жекпе-жек Аустралияның Квинсленд штатындағы Surfers Paradise қаласында өтеді. Зауырбектің қарсыласы Джексон Ингленд IBF рейтингінде төртінші орында тұр, ал қазақстандық боксшы үшінші сатыда орналасқан.
Сұлтан Зауырбек кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ал Джексон Инглендтің еншісінде 19 жеңіс пен 3 жеңіліс бар. 10 қарсыласын нокаутпен жеңген.
Осылайша, Австралиядағы кездесу Зауырбек үшін әлем чемпиондық белбеуіне тікелей жол ашатын шешуші айқастардың біріне айналмақ.