Жарнама
Жарнама

Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық жекпе-жегіне тағы бір боксшы қарсы шықты

Редактор
Бүгін, 14:32

Жәнібекке берілген титулдық мүмкіндік дау туғызды

әлеуметтік желі

WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз бен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы ықтимал жекпе-жек төңірегіндегі дау күшейді. Бұл жолы ұйымның шешімін даниялық боксшы Джейкоб Бэнк сынға алды.

Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекітіп, тараптарға чемпиондық жекпе-жек жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырған еді. Алайда бұл шешім Шираз командасының наразылығын туғызды. Енді WBO рейтингіндегі тағы бір үміткер Джейкоб Бэнк те қазақстандыққа бірден титулдық мүмкіндік берілуін әділетсіз деп бағалады.

The Ring басылымына берген сұхбатында 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен даниялық боксшы мәселе Әлімханұлының дисквалификация мерзімінің қысқартылуында ғана емес екенін айтты.

«Мені дисквалификация мерзімінің қысқартылуы ғана алаңдатпайды, дегенмен бұл шешімнің өзі түсініксіз. Не спортшы антидопинг ережесін бұзғаны үшін жазаланады, не жазаланбайды. Дисквалификация мерзімін оның ортасында өзгерту – өте сирек жағдай және көптеген сұрақ туғызады. Ең басты мәселе – WBO оны іс жүзінде марапаттады. Бірден рейтингтің жоғарғы сатысына қайтарып, міндетті үміткер етті», – деді Бэнк.

Оның пікірінше, мұндай шешім рейтингте жоғарылау үшін ұзақ уақыт бойы күресіп келе жатқан өзге боксшыларға қатысты әділетсіздік тудырады.

Джейкоб Бэнк Әлімханұлы екінші орта салмақта бірден чемпиондық жекпе-жекке шықпай, алдымен бірнеше кездесу өткізуі керек деп есептейді.

«Жәнібек оралып, бір-екі жекпе-жек өткізіп, жазасын өтегеннен кейін таза спортшы ретінде қайта келгенін дәлелдесін. Спорт осылай жұмыс істеуі керек. Оның орнына дисквалификация мерзімі қысқарып, дивизиондағы ең үлкен мүмкіндікке ие болып отыр. Бұл таза спортқа сенетін боксшыларға өте жаман белгі береді», – деді даниялық.

Бэнк қазіргі таңда кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Оның еншісінде 20 жеңіс бар, соның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Бұған дейін Хамза Шираз да WBO шешіміне көңілі толмайтынын ашық айтқан. Британдық боксшы командасымен ақылдасқаннан кейін міндетті қорғаудан бас тартып, тіпті чемпиондық белбеуді босату мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді.

Қазір Шираз бен Әлімханұлының командалары міндетті жекпе-жек бойынша келіссөз жүргізуі тиіс. Егер тараптар белгіленген мерзімде ортақ мәмілеге келе алмаса, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы промоутерлік саудаға шығарылуы мүмкін.

Реклама
Реклама