Жарнама
Жарнама

Санжар Тәшкенбай Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысты жоспарын айтты

Редактор
Бүгін, 10:02

Тәшкенбай кәсіби дебют алдында Олимпиада туралы мәлімдеме жасады

ҰОК

Екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Астанада өтетін IBA Nomad турнирі қарсаңында 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысты жоспарын айтты.

Қазақстандық боксшы әзірге кәсіпқой боксқа толық ауысуға асықпайтынын жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынынан кейін бапкерлерімен ақылдасып, кәсіпқой рингте бір сынақ жекпе-жегін өткізу туралы шешім қабылдаған.

«Алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысу жоспарымыз бар. Бірақ Олимпиадаға байланысты мақсатымыз да бар. Сондықтан әуесқой бокста алдымызға қойған мақсаттарға жетіп, еліміздің намысын қорғауды жалғастырғымыз келеді», – деді Тәшкенбай.

Боксшының басты арманы – Олимпиада чемпионы атану.

«Олимпиадаға бару – әр спортшының арманы. Ал Олимпиада чемпионы атану – менің басты мақсаттарымның бірі. Қазір спорттағы ең үлкен арманым – Олимпиада алтынын жеңіп алу. Егер маған сондай мүмкіндік берілсе, бар күшімді салып, мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», – деді ол.

Дегенмен Лос-Анджелес Олимпиадасына жолдама үшін бәсеке оңай болмайды. Олимпиадалық 55 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Махмұд Сабырхан да өнер көрсетеді.

Ал IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы ресми жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы – 25 жастағы филиппиндік Нил Хакамос. Он раундқа жоспарланған кездесуде IBF Asia ұйымының бірінші аса жеңіл салмақтағы вакантты чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Тәшкенбай 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанды. 2022 жылы Азия чемпионатында топ жарса, 2023 және 2025 жылдары ересектер арасындағы әлем біріншілігінде алтын медаль жеңіп алды.

Реклама
Реклама