Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес аса ауыр салмақтағы шәкіртіне сенім білдірді
Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес хорватиялық аса ауыр салмақ өкілі Филип Хрговичтің дайындығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, Хргович жаттығуға деген кәсіби көзқарасы жағынан кезінде өзі жұмыс істеген Головкинмен бір деңгейде.
Хргович алдағы уақытта Мозес Итаумамен IBF тұжырымы бойынша аса ауыр салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Қазір хорватиялық боксшы Санчестің жетекшілігімен Биг-Бэрдегі оқу-жаттығу жиынында дайындалып жүр.
«Ол қазір ерекше мотивациямен дайындалып жатыр. Филип – мен бірге жұмыс істеген ең тәртіпті боксшылардың бірі. Бұл жағынан ол Геннадиймен бір деңгейде. Бірақ екеуінің айырмашылығы – Хрговичтің ішінде өзін дәлелдеуге деген ерекше ашу бар», – деді Санчес The Ring басылымына берген сұхбатында.
Бапкердің пікірінше, Хргович мансабында лайықты деңгейде мойындалмаған.
«Филип ешқашан өзіне лайық мақтау мен құрметті толық алған жоқ. Соған қарамастан, ол ешқашан берілген емес. Ол халқы 3,5 миллион шамасындағы елден шыққан. Егер АҚШ, Мексика немесе Ұлыбританиядан болғанда, мүмкіндігі әлдеқайда көп болар еді», – деді маман.
Итаума алдағы жекпе-жектің айқын фавориті саналса да, Санчес Хрговичтің тәжірибесі мен физикалық артықшылығы шешуші рөл атқаруы мүмкін деп есептейді.
«Филип Мозесті бұрын бармаған жеріне алып барады», – деді ол.
Егер Хргович жеңіске жетсе, Санчес бапкерлік мансабында алғаш рет аса ауыр салмақта әлем чемпионын дайындамақ.
77 жастағы маман бұл жетістікті Головкинмен бірге жеткен табыстарымен бір қатарға қоятынын айтты.
«Геннадийдің жетістіктері мен үшін өте маңызды. Терри Норристің Рэй Леонардты жеңуі де ерекше оқиға болды. Бірақ аса ауыр салмақта әлем чемпионын дайындау да дәл сондай маңызды жетістік болар еді», – деді Санчес.