Дмитрий Бивол мен Каллум Смиттің жекпе-жегінің күні мен орны белгілі болды
Жартылай ауыр салмақтағы біріккен әлем чемпионы Дмитрий Бивол келесі жекпе-жегін британиялық Каллум Смитке қарсы өткізеді. RCC Boxing Promotions пен Matchroom Boxing міндетті чемпиондық қорғауды ұйымдастыру жөнінде келісімге келді.
Жекпе-жек 2026 жылғы 12 желтоқсанда Екатеринбургте, Ресей мыс компаниясының (РМК) аренасында өтеді деп жоспарланған. Кездесуде Биволға тиесілі WBO, WBA, IBF және The Ring чемпиондық атақтары сарапқа салынады. Ал Каллум Смит – WBO желісі бойынша міндетті үміткер.
WBO президенті Густаво Оливьери де тараптардың жекпе-жектің негізгі шарттары бойынша келісімге келгенін растаған. Дегенмен кездесудің ресми жариялануы үшін тағы бір мәселе шешілуі керек. RCC Boxing бас директоры Герман Титовтың сөзінше, қазір WBO-ның Ресейге қатысты санкцияларын алып тастау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бивол соңғы рет 30 мамырда Екатеринбургте рингке шықты. Ол IBF желісі бойынша міндетті үміткер германиялық Михаэль Айфертті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, чемпиондық атақтарын қорғаған.
Каллум Смит болса соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың ақпанында Эр-Риядта өткізді. Британиялық боксшы отандасы Джошуа Буатсиді 12 раунд қорытындысы бойынша жеңіп, WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атанды. Кейін ол 2026 жылдың сәуірінде Давид Моррельмен кездесуі тиіс еді, алайда жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.
Бивол мен Смит бұған дейін әлемдік бокстың ең жоғары деңгейінде талай мықты қарсыласпен кездескен. Биволдың еншісінде Сауль «Канело» Альварес пен Артур Бетербиевке қарсы ірі жекпе-жектер болса, Смит World Boxing Super Series турнирінің бұрынғы жеңімпазы саналады.