Осыған байланысты ұйымның чемпиондық комитеті промоутерлік сауда өткізеді
Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың командалары чемпиондық жекпе-жекті өткізу шарттары бойынша келісімге келе алмады. Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери ресми мәлімдеді.
WBO-ға боксшылардың мүддесін қорғайтын Top Rank және Queensberry Promotions компанияларынан келіссөздердің нәтижесіз аяқталғаны туралы ресми растау түскен.
Осыған байланысты ұйымның чемпиондық комитеті промоутерлік сауда өткізеді. Ол 16 қыркүйекте Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласындағы WBO кеңсесінде өтеді. Басталуы — Қазақстан уақытымен сағат 23:00.
Промоутерлік саудада ең жоғары қаржы ұсынған компания жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына ие болады. Яғни тараптардың келісімге келе алмауы кездесудің өтпейтінін білдірмейді.
Хамза Шираз WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, ал Жәнібек Әлімханұлы оның міндетті қарсыласы саналады. Сауда қорытындысынан кейін жекпе-жектің ұйымдастырушысы, өтетін орны мен қаржылық шарттары анықталады.