Римма Волосенконың жеңілісіне қатысты ҚБФ ресми мәлімдеме жасады

Редактор
08.03.2024, 01:20

Жерлесіміз ширек финалда сүрінді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирде жеңіліп қалған қазақстандық Римма Волосенкоға қатысты Қазақстан бокс федерациясы ресми мәлімдеме жасады. Есте болса, 60 келіде өнер көрсететін жерлесіміз словакиялық Мирослава Жединаковамен жұдырықтасып, төрешілердің «түсініксіз» шешімімен есе жіберген еді.

Федерацияның вице-президенті Азиз Қожамбетовтің айтуынша, біздің ел жекпе-жек нәтижелеріне байланысты шағым түсіре алмайды. 

«Олимпиада ойындарына лицензиялық бәсекелер Халықаралық Олимпиада комитетінің аясында өтеді. Өкінішке қарай, ХОК ережесіне сәйкес, Ұлттық федерациялар жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер шешіміне шағым бере алмайды. Тек төрешілердің жұмысына баға беретін бақылаушы мен бағалаушы болады. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан осы жекпе-жекке байланысты турнир ұйымдастырушыларына наразылығымызды жеткіздік. Олар кездесуге қазылық еткен төрешілердің жұмысын қарастырып, кінәрат болған жағдайда алдағы жекпе-жектерден шеттететіндіктерін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, жекпе-жектің қорытынды есебі өзгертілмейді», - деді Азиз Қожамбетов.

Римма Волосенко мен словакиялық Мирослава Жединакова арасындағы ширек финалдық жекпе-жек 2:3 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.