Айбек Оралбай оңтүстіккореялық боксшыны айқын жеңіп, 1/8 финалға шықты

Редактор
08.03.2024, 09:54

Олимпиадаға жолдама алу үшін ол тағы екі кездесуін жеңу керек

Қазақстан бокс федерациясы

Италиядағы лицензиялық турнирдің 1/8 финалына 92 келіде өнер көрсететін Айбек Оралбай да жолдама алды. Ол кеше Оңтүстік Корея өкілі ХаНеул Джангпен жұдырықтасып, үш раундта да айқын нәтижемен жеңіске жетті.

Ойын басталысымен басымдықты өз қолына алған қазақ боксшысы алғашқы екі раундта қарсыласын әбден әбігерге салса, үшінші раундта төреші Джангқа нокдаун ашты.

Енді келесі жекпе-жегін Айбек 9 наурызда өткізеді. Олимпиадаға жолдама алу үшін ол екі кездесуде жеңіске жетуі керек.

Айта кетейік, Италияға Қазақстаннан барған 11 боксшының үшеуі жеңіліп (Жайна Шекербекова, Римма Волосенко, Мұхамедсабыр Базарбайұлы), сегізі жарыс жолын жалғастырып жатыр. Турнирде жартылай финалға шыққан боксшылардың бәріне Олимпиадаға жолдама берілгендіктен, жартылай финал мен финалдық жекпе-жектер мүлдем болмайды.