Италиядағы лицензиялық турнирде бір күнде 4 боксшымыз жеңіске жетті

Редактор
08.03.2024, 23:08

Ширек финалда жеңген боксшыларға Олимпиада ойындарына жолдама беріледі

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін шаршы алаңға шыққан Нұрбек Оралбай, Наталья Богданова, Алуа Балқыбекова және Махмұд Сабырхан кезекті жеңісіне қол жеткізді.

80 келіге дейінгі салмақ дәржесінде өз мүмкіндігін сынаған Нұрбек Оралбай Того боксшысы Преда Падабадиді еш қиындықсыз ұтты. Бұл отандасымыздың аталған жарыстағы екінші жеңісі.

57 келіде Махмұд Сабырхан таиландтық Саравут Суктзетті 3:2 есебімен жеңді.

Кездесудің бірінші раундта Таиланд боксшысы ұпай саны бойынша алға шыққан еді. Дегенмен, Махмұд екі раундта басымдық таныта алды. Бұған дейін М.Сабырхан тай боксшысын Азия біріншілігінің финалында ұтқан еді. 

Әйелдер арасында 66 келіде Наталья Богданова да алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Ол аргентиналық Лорена Соледад Балбуэннен басым түсті. Жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті қарсыласқа бергенімен, Богданова шешуші раундтарды жеңіспен аяқтады. Отандасымыз екінші кездесуін ертең өткізетін болады. 

50 келіде алғашқы айқасын өткізген Алуа Балқыбекова чехиялық Клаудия Тотованың осал тұсын тапты. Бірінші раундтан бастап басымдық танытқан Алуа кездесуде қарсыласына еш мүмкіндік берместен алға шықты.