Асланбек Шымбергенов түрікмен қарсыласын жеңіп, ширек финалға шықты

Редактор
11.03.2024, 00:57

Төрешілердің жартысы түрікмен боксшысы жеңді деп есептеген

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) те Олимпиада жолдамасы үшін күресін жалғастырады. Италияда өтіп жатқан халықаралық турнирдің 1/8 финалында жерлесіміз Түрікменстан боксшысы Байрамдұр Нұрмұхамедовті жеңді.

Бірінші раундта қарсыласын айқын жеңген Асланбек екінші раундта әбден шаршап қалса керек, тапал бойлы түрікмен боксшысының сериялық соққыларын жиі жіберіп алды. Нәтижесінде, Байрамдұр бұл кезеңде 4:1 есебімен жеңіп шықты. Шешуші үшінші раундты төрешілер қазақ боксшысының пайдасына жазып, Асланбектің қолын көтерді.

Еске салайық, желтоқсан айында Астанада IBA өткізген бокс кешінде Асланбек Шымбергенов те өнер көрсетіп, мексикалық боксшыдан нокаутпен жеңілген болатын. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов ол кезде соққының салдары болмайды деп сендірген еді.