«Әрең жеңді»: отандық журналист Асланбек Шымбергеновтің жеңісіне күмән келтірді

Редактор
11.03.2024, 15:46

Ол екі раунд бойы шаршаңқы көрінді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирдің 1/8 финалында түрікмен боксшысын жеңген Асланбек Шымбергенов ащы сынға ұшырады. Оның рингтегі ахуалын жанкүйерлер ғана емес, мемлекеттік БАҚ та айта бастады.

Ширек финалға шыққан отандасымыздың жекпе-жегі туралы «24kz» телеарнасы арнайы сюжет көрсетіп, Шымбергеновтің кездесуде осалдық танытқанын атады. 

«Асланбек Шымбергенов әрең жеңді. Ұлттық команда капитаны Асланбек Шымбергеновтың соңғы жекпе-жегіне қатысты осындай баға беріліп, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Жерлесіміз Түрікменстан өкілі Байрамдұр Нұрмұхамедовпен жұдырықтасқан болатын. Шымбергенов бірінші раундта сөзсіз алға шыққанымен, екінші және үшінші раундта қарсыласы өте ширақ қимылдады. Кездесуден кейін төрешілер 3:2 есебімен жеңісті қазақ боксшысына берді», - деп айтылды 24kz көрсеткен сюжетте.

Асланбек Шымбергенов желтоқсан айында Астанада өткен бокс кешінде мексикалық боксшыдан нокаутпен ұтылған болатын. Кейін лицензиялық турнирге оның орнына Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов баруға ниетті екені де айтылды. Алайда, Д.Елеусінов бұл туралы ұсыныстың болмағанын айтса, бас бапкер Мырзағали Айтжанов оған құрама есігі әрқашан ашық екенін мәлімдеді.

Айта кететін жайт, Асланбек Шымбергенов 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 71 келіде жеңімпаз атанған. Ал күзде Қытайда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанып, төрешілердің әділетсіздігінен жартылай финалда жеңіліс тапқан болатын.