Жәнібек Әлімханұлы «Канеломен» келесі жылы да кездесе алмайды

Редактор
26.10.2023, 18:46

Жәнібек мексикалық боксшыны өзінің Twitter-парақшасы арқылы бірнеше рет жекпе-жекке шақырған. Алайда, Альварес бұл шақыртуларға жауап бермеді.

Фото ашық дереккөзден

Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль «Канело» Альварестің 2024 жылғы жоспары белгілі болды. Бірнеше супер-кездесу өткізуді көздеп отырған оның командасы кандидат қарсыластардың тізімін жариялаған. Олардың қатарында Қазақстаннан ешкім жоқ деп хабарлады ESPN Mexico.

Айта кетейік, алғашқы орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы «негізгі мақсатым – Альвареспен кездесіп, оны жеңу» деген болатын. Оның бұл жоспары енді келесі жылы да орындалмайтын секілді.

Ендеше «Канело» 2024 жылы рингке кімдермен шығуы мүмкін? ESPN тілшілерінің жазуынша, мамыр айында ол өзінің жерлесі Хайме Мунгиямен жұдырықтасады. Ал, қыркүйекте Давид Бенавидеспен өзара мықтыны анықтауы тиіс.

Жәнібек Әлімханұлы болса жуырда ғана өзінің WBO чемпиондық белбеуін қорғап, оның жанына IBF белбеуін де қосып алды. Енді ол алғашқы орта салмақта абсолютті чемпион болуға күш салады. Ал, супер орта салмақта жұдырықтасатын Сауль «Канело» Альвареспен кездесу үшін жерлесіміз бірнеше жыл күтуі мүмкін.