Өзбек боксшылары Қазақстаннан тағы озды

Редактор
11.03.2024, 16:07

Италияға келген өзбек боксшыларының ешбірі әлі жеңілген жоқ

Қазақстан бокс федерациясы

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан бокстан лицензиялық турнирде бүгін ширек финал ойындары болады. Осы сыннан сүрінбей өткендер Олимпиада ойындарына жолдама алмақ.

Қазақстан құрамасынан 1/4 финалда жеті боксшы бағын сынайды. Олардың бесеуі ерлер құрамасынан болса, екеуі қыздардан. Дәл сол сияқты Өзбекстан құрамасында да жеті боксшы ширек финалға шығып отыр. Десе де, олардың ерлер құрамасынан келген төрт боксшының біреуі де жеңілген жоқ. Қыздардан екі боксшысы сүрініпті. Ал, Қазақстан құрамасы ширек финалға дейін төрт боксшысынан айрылды, олардың бірі – ерлер құрамасынан, үшеу – қыздар құрамасынан.

Айта кетейік, Қазақстан боксшыларында Олимпиада ойындарының екі жолдамасы бар. Оны былтыр күзде өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен қыздар боксының өкілі Карина Ибрагимова жеңіп алған.