Қазақстанда бір жолдама кем
Италияның Бусто-Арсицио қаласында аяқталған лицензиялық турнирден кейін Өзбекстан боксшылары Париж олимпиадасына толық құрамда баратыны белгілі болды.
Ал, Қазақстан құрамасында 63,5 келіде Олимпиада жолдамасын әлі ешкім иеленген жоқ.
Шілде айында Франция астанасында басталатын сынға Өзбекстан құрамасы қатарында Олимпиаданың екі чемпионы Хасанбой Дусматов (51 кг) пен Баходир Жалолов (+92 кг) барады. Сондай-ақ, Абдумалик Халоков (57 кг), Руслан Абдуллаев (63,5 кг), Асадхужа Муйдинхужаев (71 кг), Турабек Хабибуллаев (80 кг), Лазизбек Мулложонов (92 кг) та төртжылдықтың басты ойындарында өз мүмкіндігін сынап көрмек.
Айта кетер тағы бір жайт, көрші елдің бұрымды боксшылары әзірге қос жолдаманы иеленді. Бізде тек бір лицензия бар.
Қазақстан боксшылары Италияда 5 жолдама иеленді. Бұл жоғары жетістік болғанымен, әзірге 63,5 келіде Олимпиадаға баратын боксшының жайы белгісіз болып отыр. Ал қыздар құрамасы жалғыз жолдаманы былтыр Азия ойындарында иеленген еді. Ал Италияда әйелдер құрамасының бірде-бір боксшысы үмітті ақтай алмады.
Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай және аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев алдағы Олимпиадаға алаңсыз дайындала берсе болады.
Ал қалған жолдаманы боксшыларымыз 23 мамырда Таиланд астанасында өтетін сында иеленеді деген сенім мол.
Еуропадағы іріктеу турниріне көршілес Ресей құрамасы барған жоқ. Бұған дейін аталған ел боксшылары Олимпиадаға бармау туралы бейресми шешім барын айтқан еді. Сол сөз рас болса, орыс боксшылары Банкоктегі сыннан да тыс қалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлем бойынша бокстан Олимпиада жолдамасын ең көп иеленген Аустралия ғана, олар лицензияның 12-ін алып үлгерді.