Жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтпек
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, 37 жастағы Дәурен Елеусінов (11-3-1, 10 КО) өз мансабындағы ең маңызды жекпе-жектердің бірін өткізгелі жатыр. 16 наурызда ол таңертең (Астана уақытымен) ирландиялық боксшы Каллум Уолшпен (9-0, 7 КО) рингте кездеседі.
Жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтпек. Сарапқа WBC Continental Americasаймақтық титулы салынады.
Ирландиялықтар Уолшты бокстың кәсірқой болашақ жұлдызы санайды. Сондықтан оның жарнамасы тек өз елінде емес, АҚШ-та да дүркіреп тұр. Аталған бокс кешін де ұйымдастырушылар Ирландияның басты мерекелерінің бірі – әулие Патрик күнінде өткізуде. Ал, жекпе-жек алдын кездесуді әйгілі Empire State Building ғимаратында ұйымдастырды.
23 жастағы Уолштың промоутері – Геннадий Головкинге менеджер болған Том Леффлер. Сондай-ақ, оған UFC президенті Дана Уайт та көмектесіп келеді. Мәселен, Каллумның жекпе-жектері UFC Fight Pass сервисінде көрсетіледі. Ал, оның бапкері – әлем жұлдыздарын шығарған даңқты Фредди Роуч.
Дәурен – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің туған ағасы. Ол түркияда өткен соңғы жекпе-жегінде танзаниялық Пиус Мпендеден жеңіліп қалды.