Инсайдерлер Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласын атады

Редактор
15.03.2024, 12:05

Қазақ боксшысы абсолютті чемпион болуды көздейді

Instagram

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы қазақ боксшысы, WBO/IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) келесі кездесуін британдық боксшы Хамза Ширазға (19-0, 15 КО) қарсы өткізеді. Шетелдік инсайдерлер осындай ақпарат таратуда.

Boxing Studs Noticias ресурсының мәліметінше, британдық боксшының промоутері саналатын Queensbury Promotions компаниясы қос боксшының арасында жекпе-жек ұйымдастыруға дайын. Олар Шираздың Жәнібекті жеңетініне сенімді. Осылайша чемпиондық белбеулерді алып қана қоймай, гонорары көп шоулар ұйымдастырамыз деп промоутерлер ашық айтты.

Бразилиялық спорт журналисі Уилсон Балдини де қазақ-британ жекпе-жегі күтіліп отырғанын X әлеуметтік желісінде жазды. «Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы Хамза Шираз болуы керек» - деді ол.

Айта кетейік, жуырда ғана Сауд Арабиясында болған Джошуа – Нганну кездесуіне қонақ болып келген Жәнібек Хамза Ширазбен бетпе-бет жолыққан болатын. Мұнан кейін Boxingscene.com журналисі Джейк Донован қос боксшының биыл маусымда кездесуі мүмкін екенін жазды.