Бұған дейін Сағындық Тоғамбай да ақтық сынға жолдама алған еді
Бакуде өтіп жатқан «Ұлы жібек жолы» турнирінде Қазақстан құрамасының екі боксшысы финалға жолдама алды.
48 келіде сынға түскен Теміртас Жүсіпов жартылай финалда ресейлік Адам Алиевпен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Жекпе-жек барысында Теміртас екінші раундта үстемдігін арттырып, сериялық соққыларын қарсыласына жақсы өткізе алды. Ал үшінші раундта да Жүсіпов қарқынын бәсеңдетпей, Баку бәсекесінің финалына шығып отыр.
Ал 54 келі салмақта жартылай финалда Максим Кузнецовпен жұдырықтасқан Тимур Қабдешов те финалдық сынға жолдама алды. Алғашқы екі раундта ұпайын түгендеп алған жерлесіміз үшінші раундта екінші нөмірде жұдырықтасып, мұнда да мықтылығын көрсетті. Финалда ол өзбек боксшысы Худжаназар Нортоджиевпен жұдырықтасады.
Кеше 92 сынға түскен Сағындық Тоғамбай финалға шыққан болатын. Сондай-ақ, 60 келіде Талғат Сырымбетов пен 71 келіде Дархан Дүйсебай жартылай финалдық жекпе-жек өткізеді.