Талғат Сырымбетов Баку турнирінің чемпионы атанды

Редактор
28.03.2024, 17:33

Жарыс финалына Қазақстан құрамасынан бес боксшы шықты

Қазақстан бокс федерациясы

Бакудегі «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық Талғат Сырымбетов (60 кг) жарыстың чемпионы атанды.

Ақтық сында жерлесіміз әзірбайжандық Азрак Бабировпен кездескен болатын. 

«Үш раундта да қарқынын бәсеңдетпеген Талғат бірінші раундта-ақ қарсыласының аптығын басып тастаған. Ал үшінші раундта әзірбайжандық боксшы жұдырықтасудан қалды. Нәтижесінде, төрешілердің бірауызды шешімімен Сырымбетов жеңіске жетті», - деп мәлімдеді ҚФБ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аталған жарыстың финалына Қазақстаннан бес боксшы шыққан болатын. Бұған дейін рингке көтерілген Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Тимур Қабдеш (54 кг) жеңіліп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Енді рингке Дархан Дүйсебай (71 кг) мен Сағындық Тоғамбай (92 кг) шығады.