Қайрат Сәтжанов бокстан жастар құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Редактор
04.04.2024, 13:20

Жасөспірімдер құрамасында да өзгеріс болды

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Қайрат Сәтжановқа жаңа міндет жүктелді. 

Енді ол ерлер бойынша жастар құрамасында аға жаттықтырушысы қызметін атқарады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қайрат Тұрсынқанұлы - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 2011-2019 жылдар аралығында Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. 2013 жылы әлем чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль еншілесе, 2015 жылғы өткен жаһандық біріншілікте 1 алтын, 1 күміс, 3 қолаға қол жеткізген. 

Ал 2019-2021 жылдары жастар құрамасының аға бапкері болды. Жастар арасында 2021 жылы Польшада өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Ал 2021-2022 жылдар аралығында ұлттық құрамамыздың бас бапкері қызметін атқарды. Оның шәкірттері 2021 жылғы Сербияда өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Айта кететін жайт, Қайрат Сәтжанов жастар құрамасын жаттықтырған Әділ Басығараевты алмастырды.

Сонымен қатар, Қазақстан жасөспірімдер құрамасында да бапкерлер ауысып отыр. Осылайша Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамасының жаңа бапкерлер алқасы төмендегідей:

  • Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері - Қайрат СӘТЖАНОВ;
  • Қазақстан жастар құрамасы аға бапкерінің көмекшісі - Бағдат Оңғарбеков;
  • Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері - Мақсат Оспанов;
  • Қазақстан жасөспірімдер құрамасы аға бапкерінің көмекшісі - Азамат Игібаев;
  • Қазақстан кіші жасөспірімдер құрамасының бапкері - Жақсылық Молдаханов.