«Бұл менің арманым еді»: Балауса Мұздыман спаррингтегі жеңілісінен кейін мәлімдеме жасады

Редактор
11.04.2024, 10:24

Ол кәсіпқой бокста бағын сынайды

instagram.com/muzdi_______/

Еліміздегі ең сұлу боксшылардың бірі саналатын Балауса Мұздыман Бангкокте (Таиланд) өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне бару мүмкіндігінен айрылды. Себебі Астанада өткен спаррингтік кездесуде ол Жайна Шекербековадан жеңіліп қалған болатын.

8 сәуірде басталған шағын турнир 10 сәуірде аяқталады. 

Мұздыман әлеуметтік желіде жеңілісінің себебін түсіндірді.

«Соңғы жаңалықтан бәріңіз хабардар шығарсыздар. Иә, бұл менің арманым еді, жалғыз менің емес, барлық спортшының арманы ғой. Бірақ, Жаратушы берген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмадым. Маған сенім артқан адамдардың үмітін ақтай алмағаным өкінішті. Соңғы іріктеуге дейін арманыма берік болдым. Келдім, көрдім, жүзеге аспады. Өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Жұмыс жалғаса бермек. Қолдау білдірген адамдарға алғысым шексіз», - деп жазды бұрымды боксшы.

Былғары қолғап шебері мұндай сынақтар мен қиындықтар адамды шыңдайтынын айтады.

«Кез келген жағдай адамның іздене түсуі үшін және өз міндетіңді табу үшін беріледі. Сондықтан алға жылжимыз. Сынақ бізді шыңдайды және бұдан да жақсы нәтижелерге жетуімізге себеп болады», - деп қосты Мұздыман.

Айта кетейік, әлемдік іріктеу турнирі 23 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді.