«Жағдайым жақсы, дүрлігетін түк жоқ»: Махмұд Сабырхан жол апатына қатысты пікір білдірді

Редактор
06.05.2024, 22:44

Ол Астанада Олимпиадаға дайындалып жатыр

instagram.com/sabyrkhan_makhmud/

Бұған дейін «Бірінші бол» YouTube-каналында спорт журналисі Олжас Байбосынов даңқты боксшы Махмұд Сабырханның жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтқан болатын. Әлем чемпоны осыған байланысты 1bol.kz тілшісіне жағдайдың қалай болғанын айтып берді.

Махмұд аталған оқиғаның болғанын растады. Алайда, ел дүрлігетіндей түк те жоқ дейді.

«Иә, мұндай жағдай болды. Бірақ, жұрттың осыншама дүрлігетіндей емес. Көліктің тізгінінде басқа жігіт болды, мен жанында отырдым. Біздің жолаққа қарсы бағыттағы автокөлік шығып, біз жол жиегіне түсіп кеттік. Соқтығысқан жоқпыз.

Мұнан кейін дәрігерге барып тексерілдім. Бәрі дұрыс, денсаулығымда мін жоқ. Мұнан кейін бокстан ұлттық құраманың да дәрігерлері тексерді, алаңдайтын түк жоқ», - деді Махмұд Сабырхан.

Ол осы ақпарат тарағаннан кейін жан-жақтан қоңыраудың көбейгенін айтады. Яғни, алаңдаушылық білдіргендер өте көп болған.

«Осы жаңалықты ести сала менің жағдайымды сұрап хабарласқандардың бәріне рахметімді айтам. Менде бәрі жақсы. Алып-қашпа әңгімелерге сенбеңіздер. Қазір Астанада ұлттық құраманың сапында жаттығуымды жасап жатырмын», - деді әлем чемпионы.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасында 57 келіде өнер көрсетеді. Ол 2023 жылы Өзбекстан астанасында болған әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. Олимпиадаға лицензияны биыл Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде иеленді.

Материалда: