Головкин айтқан ақыл алтыннан қымбат – Асланбек Шымбергенов дайындығы туралы айтты

Редактор
09.05.2024, 19:13

Ол Олимпиадада қарсыластарынан екі бас жоғары өнер көрсетуге дайын

olympic.kz

Бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Астанада «Елорда кубогы» алдында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында тілшілердің сауалына жауап беріп, Париж олимпиадасына даярлығы жайлы айтты.

- Италиядағы лицензиялық турнир қалай өтті?

- Италиядағы олимпиадалық турнирге әлемнің кіл мықтылары жиналды, ол түсінікті де. Соған қарамастан Париж жолдамасына қол жеткіздік. Енді Олимпиадаға тыңғылықты дайындаламыз.

Сонымен қатар Асланбек өзінің Азиадада жапон қарсыласынан жеңілуінің себебін түсіндірді. 

Естеріңізде болса, капитан Азия ойындарының жартылай финалында Севон Окадзаваға есе жіберген еді. 

- Өзімізге де сабақ болды, басымызға тиді, енді содан сабақ алдық. Әр істің қайыры бар. Бұйырса, Олимпиада ойындарында кездесіп жатсақ, екі бас жоғары болуға дайынбыз. 

- Окадзава секілді жылдам боксшыларға қандай тактика құру керек?

- Жекпе-жекті қарадық, бапкерлермен ақылдасып, оның артық-кем тұстарын зерттейміз, арнайы жоспар құрамыз. Міндетті түрде тактика болады.

- Олимпиадаға даярлық қандай?

- Әр спортшының арманы – Олимпиада ойындарында жеңімпаз атану. Сол секілді менің де сондай мақсатым бар. Сәтін салса, бәрі жақсы болады деп үміттенеміз.

- ҰОК басшылығына Геннадий Головкин келді. Қолдау сезіле ме?

- Әрине, ол кісі өзі де боксшы. Ақыл-кеңесін, жүріп өткен жолындағы оқиғаларын айтып берді. Оның айтқан ақылы алтыннан қымбат.