Алтынның бәрін өзіміз жеңіп алсақ өзгенің қызығушылығы қалмайды – М.Айтжанов «Елорда кубогі» туралы

Редактор
09.05.2024, 19:54

Бұл жарысқа Өзбекстанның «бірінгі номерлі» боксшылары келмейді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшылардың «Елорда кубогына» даярлығы жайлы айтты. Жарыс 13-18 мамыр аралығында Астанада өтеді. Оған Қазақстанның өзінен 59 боксшы қатыспақ. Олардың қатарында Олимпиадаға баратын боксшылардың бәрі бар.

- Жігіттер, былайша айтқанда, шайқасқа дайын. «Елорда кубогы» – Қазақстанда өтетін ең ірі халықаралық турнирлердің бірі. Көптеген елдің боксшылары келеді. Бірақ биыл Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлерінің өтіп жатқанына байланысты қатысушылар саны азайды, 7-8 ел ғана қатысады. Соның өзі біздің Олимпиадаға баратын спортшыларға зор пайдасын тигізеді. Себебі олар жарыс барысында кем-кетігін көріп, тәжірибе алмасады және әрқайсысы үш-төрт толық кездесу өткізуі керек, егер солай болса, оның пайдасы жақсы.

- Жақында Түркістан облысында бірқатар мықты елдің боксшыларымен біріккен оқу-жаттығу жиындары өтті. Осы туралы айтып өтсеңіз.

- Түркістан облысындағы оқу-жаттығу жиындарында Өзбекстанның Олимпиадаға баратын төрт боксшысы, Тәжікстаннан біреу, Кубадан біреу және біздің алты боксшы болды. Былайша айтқанда, мықтылардың бір залда жұдырықтасуы кіші әлем чемпионаты секілді ғой. Олимпиада, әлем чемпиондары келді. Мұның барлық боксшыға пайдасы орасан.

- «Елорда кубогының» негізгі мақсаты қандай, боксшыларды тексеріп алу ма, әлде медаль жинау ма?

- Басты мақсат – боксшылардың бабын осы жерде тағы бір тексеру, кем-кетігін көру. Немен жұмыс істеу керек, соны біліп алғанымыз жөн. Келген қонақтарды да сыйлау керек. Әйтпесе қарсыластың бәрін ұтып, медальдің бәрін жинап алсақ, болашақта ешкімнің қызығушылығы болмай қалады. Сондықтан, бұл жерде бәрі таза өтеді, кім мықты – сол жеңеді. Бұл турнирге Жапонияның, Әзербайжанның лицензия алған боксшылары қатысады. Өзбекстанның бас бапкері де мықтыларды жібереміз деген. Бірақ, Олимпиадаға баратын боксшылары басқа аламанға қатысады. Өйткені екі елдің боксшылары талай жарыста кездесіп жүр, енді бір-бірімізге «Олимпиаданың финалында кездесейік» деп тілек айттық.

- Көпшілік Токио олимпиадасының алдында боксшыларымыз Дубайдағы Азия чемпионатына қатысып, зорығып қалды деп сынады. Сондай жағдай қайталанбас үшін қандай жүйе құрылды?

- Бұл турнир Азия чемпионаты емес. Бұл даярлықты пысықтау ғана, жауапкершілігі де Азия чемпионатындай емес.

- Таиландта Олимпиадаға соңғы лицензия сарапқа салынады. Мұхамедсабыр Базарбайұлының дайындығы қалай?

- Лицензия алмаған жігітіміз қазір осы жаттығу-жиындарына қатысып жатыр. Сонан соң Таиландқа аттанады. Осы оқу-жаттығу жиындарында Швейцариядан 71 келіде бір, Мароккодан алты боксшы бар. Олар да лицензиялық турнирге қатысады. Бізде бір ғана салмақ жетпей тұр, сол жетінші жолдаманы иеленіп, Парижге толық құрамда барсақ деп ниеттеніп отырмыз.

- Өзбекстаннан келген қазақ боксшысы Аман Қонысбеков қазір қайда?

- Ол жаттығу жасап жүр, қазір бейімделу процесінде. Бабын жылдың аяғында өтетін Қазақстан чемпионатында байқаймыз.