Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да осы әскери клубта борышын өтеп жүр
Бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов лейтенант әскери шенін алды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кету керек, Бибосынов Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының сапында борышын өтеп жүр. Аталған клубтан биыл 9 спортшы Париждегі Олимпиада ойындарына барады. Оларды бүгін Спорт министрі Ермек Маржықбаев қабылдап, ақ жол мен сәттілік тіледі.
«Әскери спортшылардың негізгі жетістіктерінің кілті – дәстүрді сақтай отырып, әрқашан өз-өзін дамытып жүрген жаттықтырушылар құрамының еңбегі. Сіздердің кәсібилігіңіздің арқасында біздің көптеген спортшымыз көшбасшыға айналып, көпке үлгі болып жүр. Сонымен қатар, сіздердің спортқа деген адалдық пен жеңіске деген ұмтылысыңыз спортшыларды шабыттандырып, армия қабырғасында қалыптасқан рухани күш пен мінездің беріктігі жеңіске жету жолындағы кез келген кедергіні еңсеруге мүмкіндік береді», – деді министр.
Жмын соңында Сәкен Бибосынов пен жаттытырушы Асан Мәмбетқұловқа лейтенат шені табысталды.