2 жыл бұрын комада болған Айдос Ербосынұлы кәсіпқой боксқа оралмақшы

Редактор
15.05.2024, 20:45

Ол Куба боксшысымен болған жекпе-жекте нокаутқа түскен болатын

Suleimen Promotions

Кәсіпқой бокста екінші орта салмақта өнер көрсететін Айдос Ербосынұлы өзінің алдағы жоспарымен бөлісті. Спортшының айтуынша, ол әлі кәсіби спорттағы жолын жалғастыруды көздейді.

Vest.kz-тің жазуынша, боксшы қазір денсаулығына байланысты шаршы алаңнан алыстаған. Алайда, дәрігерлер рұқсат бергеннен кейін алда кәсіпқой бокста өнер көрсетуді жоспарлап отыр. 

«Қазіргі уақытта уақытша үзілісте жүрмін. Әзірге нақты жоспар жоқ. Дәрігерлер бірауыздан ортақ шешім шығармады. Спорттық бабымды сақтап, жеке жаттығып жүрмін. Бұйырса, шаршы алаңға ораламын», - деді боксшы сұхбатында.

Естеріңізде болса, Айдос Ербосынұлы 2022 жылдың қараша айында Куба боксшымен жекпе-жекте ауыр нокаутқа түскен еді. Сол кездесуден кейін аурухана төсегіне танылған. Кейін ота жасалып, жағдайы қалыпқа келгені айтылды.

Сондай-ақ, ақпан айында Suleimen Promotions промоутерлік клубы боксшымен арадағы келісімшартты тоқтатты.