Екі ел боксшылары арасында бүгін сегіз кездесу өтті
Астанада бокстан өтіп жатқан «Елорда кубогінде» 75 келіде өнер көрсететін қазақстандық Тимур Нұрсейітов өзбекстандық қарсыласын нокаутпен жеңді.
Жарыстың үшінші күні Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында сегіз жекпе-жек өтті. Солардың бірі Тимур Нұрсейітов пен Сардор Шомуродов арасындағы кездесу. Тимур ә дегеннен-ақ басымдықты өз қолына алып, шабуылдауға кіріскен. Осындай сәттердің бірінде оның ауыр соққысы қарсыласына дөп тиіп, төреші есеп ашты. Сардор бірінші раундта жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Айта кету керек, бүгінгі жарыс күні Қазақстан құрамасының бірінші номерлі боксшылары Сәкен Бибосынов (51 кг) пен Махмұд Сабырхан да (57 кг) Өзбекстаннан келген боксшыларды жеңіп, келесі айналымға шықты. Ал, ұлттық құрама мүшесі Нұрқанат Райыс төрешілер шешімімен өзбек Алохон Абдуллаевтан жеңілді.
Осылайша Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында болған сегіз жекпе-жектің жетеуінде қазақстандықтардың, біреуінде өзбектердің мерейі үстем болды.
Айта кету керек, Өзбекстан құрамасы «Елорда кубогіне» ірінші номерлі боксшыларын алып келген жоқ.