Сәкен Бибосынов пен Асхат Жүсіпов Астана турнирінің финалына шықты

Редактор
17.05.2024, 16:08

Олимпиадаға баратын қазақстандық боксшылардың бәрі жартылай финалда жұдырықтасады

olympic.kz

Бокстан Астанада өтіп жатқан «Елорда кубогы» бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасының 2 боксшысы финалдық кезеңге өтті.

48 келіде Асхат Жүсіпов үнді боксшысын ұтып, финалда айқасуға мүмкіндік алды. Ол ақтық сында жапон Казума Аратекемен кездесетін болды. Ал Жапония өкілі жартылай финалдық жекпе-жекте қазақстандық Әли Тоқтаровтан басым түскен болатын.

Сондай-ақ, 51 келіде Сәкен Бибосынов та финалға жолдама алып отыр. Ол Жапония боксшымен жартылай финалда кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Маңызды сынның қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті отандасымызға берді.

Биыл үшінші рет өтіп жатқан «Елорда кубогына» әлемнің 8 мемлекетінен боксшылар қатысып жатыр. Олардың арасында Қытай, Өзбекстан, Моңғолия секілді елдердің құрамалары бар. Айта кететін жайт, ерлерден Қазақстан атынан бұл додаға 59 боксшы қосылды.