Қазақ боксшысы 13 шілдеде жаңазеландиялық міндетті қарсылас Андрей Михайловичпен жұдырықтасуы тиіс
Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамес (23-1, 18 КО) Жәнібек Әлімханұлын (15-0, 10 КО) оңай жеңіп аламын деп мәлімдеді. Бұған дейін Жәнібек Карлосты бірнеше рет жекпе-жекке шақырғанымен, екі тарап келісімге келе алмаған еді.
Енді доминикалық боксшы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын ТОП боксшылардың қатарына жатқызбайтынын айтып отыр.
Еске салайық, біраз уақыт бұрын қос боксшы өзара спарринг өткізген болатын.
«Өзара өткізген спарринг туралы бәрі түсінікті. Ол бәрін жақсы біледі. Мен бірақ спаррингте нақты не болғанын айтпаймын. Бұл принциптің мәселесі. Мұндай жағдайларды баяндай беретіндердің қатарынан емеспін. Бірақ не олғанын өзі жақсы біледі. Спаррингте әбден қара терге түсті. Бұл анық. Менімен спарринг жасағандардың көзі көгермей кеткені жоқ. Кейін жекпе-жек өткізейік дегенде қорқып бас тартты. Өйткені өзін «екінші Головкин» сезініп, хайп ұстап жүр. Бірақ оны Геннадиймен салыстырудың өзі ұят. Әлімханұлы Головкиннің ширегіне де татымайды. GGG өте мықты болды, атақты боксшы. Егер Жәнібекпен кездесіп жатсақ, мен оны жоқ қылып жіберем. Біздің жекпе-жек бесінші раундтан аспайды. Нокаут болады», - дейді Карлос Адамес Broadway-ге берген сұхбатында.
Айта кетейік, кеше Жәнібек Әлімханұлы 13 шілдеде жаңазеландиялық міндетті қарсылас Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) жұдырықтасатыны ресми түрде хабарланды.