Валентина Хальзова Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

Редактор
02.06.2024, 12:29

Парижге бару мүмкіндігі үшін Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен Назым Қызайбай да бүгін рингке шығады

Қазақстан бокс федерациясы

Таиланд астанасында өтіп жатқан бокстан лицензиялық турнирде қазақстандық Валентина Хальзова (75 кг) Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Ширек финалда жерлесіміз колумбиялық боксшы Ширлейдис Ороскомен жұдырықтасқан. Үш раунд бойы басымдықты өз қолына алған Хальзова қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Қазақстан боксшысына берді.

Осылайша, Валентина Хальзова Қазақстан бокс құрамасының қоржынына Олимпиаданың сегізінші жолдамасын салды. Олардың алтауы ерлер құрамасында болса, екеуі қыздардың еншісінде.

Бүгін шаршы алаңға Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) мен Назым Қызайбай (50 кг) шығады. Екеуі де жолдама үшін соңғы жекпе-жегін өткізеді.