Назым Қызайбай мен Мұхамедсабыр Базарбайұлы Олимпиадаға жолдама алды

Редактор
02.06.2024, 18:20

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Парижге толық құрамда баратын болды

Қазақстан бокс федерациясы

Париж Олимпиадасына баратын Қазақстан боксшылары толығымен анықталды. Бүгін отандық боксшылар қоржынған тағы екі жолдама салды.

Таиланда бокстан өтіп жатқан бүкіләлемдік лицензиялық турнирде 50 келідегі қазақстандық Назым Қызайбай Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.

Отандасымыз ширек финалда солтүстікореялық Канг СУ Хуангтан басым түсті. Аталған жекпе-жекте төрешілер 5:0 есебімен жеңісті бір ауыздан Назым Қызайбайға берді.

Сондай-ақ ерлерден соңғы жолдаманы 63,5 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлы иеленді.

Базарбайұлы бүгін молдовалық Александру Паранцевичті 5:0 есебімен жеңді.

Осылайша, Қазақстан қоржынына Олимпиада ойындарының 58-жолдамасы түсті.

Айта кету керек, бүгін жарыстың алғашқы бөлігінде 75 келіде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы қыз Валентина Хальзова да лицензияға қол жеткізген болатын. Осылайша Қазақстанның 10 боксшысы Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайды.

Ерлерден осының алдындағы іріктеуде Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі) Асланбек Шымбергенов (71), Нұрбек Оралбай (80 келі) Айбек Оралбай (92 келі) және ең ауыр салмақ дәржесі бойынша Қамшыбек Қоңқабаев жолдама алған еді. Ал қыздардан Карина Ибрагимова (57 келі) Франция астанасында жұдырықтасады.

Бангкоктегі турнирге елімізден 6 боксшы аттанған болатын. Алайда, олардың үшеуі іріктеу кезеңдерінде есе жіберіп, жолдамадан тыс қалды.