Садриддин Ахмедовті келесі жекпе-жекке Головкиннің өзі дайындап жатыр (ВИДЕО)

Редактор
28.06.2024, 00:24

Әзірге қазақстандық боксшының қарсыласы мен жекпе-жек болатын жер белгісіз

Ашық дереккөзден

Жақында жанкүйерлеріне жаңалығы барын айтқан қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедовпен Геннадий Головкин шаршы алаңда бірге жаттығу жасап, кеңесін берді.

Ақпан айында елімізде Ұлттық Олимпиада комитетіне президент болып сайланған Геннадий Головкин отандасына соққы жұмсаудың әдіс-тәсілдерін көрсеткен. Ол Садриддинмен қарсыласты қалай есеңгіретуге болатынын айтып жүрген видеоны Садриддиннің өзі әлеуметтік желіде бөлісті. 

Әлемнің экс-чемпионы бастан, бүйірден соққы жасаудың небір түрін көрсетумен қатар, қорғанысты та ұмытпауын қаперіне салған.

Айта кететін жайт, аталған видеода GGG-дің ұзақ уақыт үзілістен кейін бабынан кетіп, артық салмақ қосқаны анық байқалады.

Бұған дейін Садриддин «2 айдың көлемінде рингке қайта ораламын. Барлығы Алланың қалаумын және жоспарымен. Көп күткен жекпе-жектеріме шығамын» деген болатын.

Ал әзірге аталған жекпе-жектің нақты қашан және кімге қарсы өтетіні белгісіз. Ал Садриддиннің жанкүйерлері Головкинмен бірге жаттығу жасағанына қарап, оның өте маңызды айқас өткізетінін топшылап отыр.