Ол Олимпиада ойындарының жолдамасына Қазақстан құрамасынан ең алғаш болып қол жеткізген еді
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Қамшыбек Қоңқабаевқа пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Айта кетейік, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Париж Олимпиадасына дайындалып жатыр. Жолдаманы ол былтыр Азия ойындарында жеңіп алған. Құрлық жарысының финалына дейін жеткен жерлесіміз ақтық сында өзбек боксшысы Баходир Жалоловтан жеңіліп, күміс жүлдегер атанған еді.
Нәлібаев оған ақ жол тілеп, жаңа баспананы жерлестерінің атынан сыйға тартты.
«Олимпиада ойындарына қатысып, жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Бұл – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Чемпиондарымызға қарап, мыңдаған жастың спортқа деген құлшынысы артады. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – елдің ыстық ықыласы мен тілегін жеткізу. Арқа сүйейтін, тілеуіңді тілейтін қалың еліңнің, жерлестеріңнің атынан өзіңді қолдау әрі ынталандыру үшін арнайы сый-сияпат жасап, баспана кілтін табыстауды жөн көрдік», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Ал, Қамшыбек болса көрсетілген сый-құрметке алғыс айтып, жанкүйерлерінің үмітін ақтау үшін барын салатынын айтты.