Әйелдер құрамасының бас бапкері Парижге дайындық туралы айтты

Редактор
05.07.2024, 14:15

Боксшылардың Парижге кететін күні белгілі болды

ҰОК

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Париж қарсаңындағы ең соңғы жаттығу жиынына кіріседі. Бұл туралы команданың бас бапкері Елдос Сайдалин айтты.

Олимпиада алдындағы жаттығу жиыны 9-21 шілде аралығында өтеді.

"Жақында ғана Жанашар ауылындағы базада екі апталық жаттығу жиынын ойдағыдай өткіздік. Олимпиадаға баратын үш боксшымызға командаластары көмекке келді. Қазір құрама мүшелері аздаған үзіліс алды. 8 шілдеде қайта жиналамыз”, – дейді бас бапкер Olympic.kz-ке берген пікірінде.

Боксшылардың Парижге кететін күні белгілі болды.

“21 шілдеде Парижге ұшып кетеміз. Кейін сол жақтағы жағдайға қарай жаттығуды жалғастырамыз. Боксшы қыздарымыздың жағдайы жақсы. Оларды Олимпиадаға нағыз бабында апару- біздің міндетіміз. Олимпиада ойындарына үш қызға спаррингтік серіктес болатын тағы үш боксшыны алып кетуді жоспарлап отырмыз. Әзірге, нақты кімнің баратынын ақылдасудамыз",  - деді бас бапкер. 

Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасында бокстан Қазақстан әйелдер құрамасынан үш спортшы сынға түседі. Олар: Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі).