Ол шамамен 2-3 айда аяққа тұрып, рингке қайта оралуы тиіс
Жекпе-жек алдында салмағын дұрыс қуа алмай, есінен танып қалған Жәнібек Әлімханұлының командасында диетолог болмаған. Бұл туралы «Спорт Шредингера» telegram-каналы жазды.
14 шілдеде жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасуы тиіс болған Жәнібек салмақ өлшеу рәсімінен кейін талып қалған болатын. Тиісінше, жекпе-жек те өтпей қалды.
«Бұл деңгейдегі ойын басқа. Жәнібек талып қалып жекпе-жегі кейінге шегерілген алғашқы боксшы емес, бұған дейін де мұндай жағдайлар болған. Тек сонау Жаңа Зеландиядан Лас-Вегасқа дейін ұзақ жол жүріп келген Михайловичке обал болды», - дейді Әлімханұлының менеджері Эгис Климас.
Ал, дереккөздің мәліметінше, Жәнібектің командасы енді ақшасын қиып, диетолог жалдайтын болады. Өйткені, қазақ боксшысы өзі мәлімдегендей, ол жоғары салмақ дәрежесіне қазір ауыспайды және осы орта салмақта абсолютті чемпион болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Жәнібек Әлімханұлы – WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы.