Отандық шенеуніктер қайта шағым түсірмейтінін айтып отыр
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жартылай финалында Асланбек Шымбергенов пен жапониялық Сэвон Окадзава арасындағы жекпе-жек шешіміне байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті Қазақстан құрамасы тарапынан түскен шағымға жауап берді. Bassport.kz сайтының жазуынша, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетов ХОК шешімнің өзгермейтінін мәлімдеген.
Қазақстан құрамасы сегізінші рет қатысқан Азия ойындарында отандық боксшылар кезекті рет алтыннан тыс қалды. 71 келі салмақта өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов жартылай финалда төрешілер шешімімен жапон боксшысы Окадзавадан жеңілген. Қазақстан тарапы бұл шешімге наразылық ретінде шағым түсіргенімен, араға уақыт салып Халықаралық Олимпиада комитеті төрешілер әділ шешім болғанын айтып отыр.
«ХОК Шымбергеновтің жеңісін мойындамады. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының нәтижесі баршаңызға белгілі. Төрешілер біраз жеңісті бермей қойды. Әсіресе, Асланбек Шымбергеновтің соңғы екі кездесуін айтсақ болады. Егер өзбек боксшысын ұрып құлатпағанда, Шымбергенов те жүлдесіз қалар еді. Ал жапонмен болған жекпе-жекке бокстағы мықты мамандар баға беріп, Асланбектің әділетсіздікке тап болғанын айтуда. Спортта мұндай сәттер көп. Жанкүйерлер мұның бірін көреді, бірін көрмейді. Осындай әділетсіз шешімдердің ауыр жүгін спортшыдан бөлек, бапкерлер арқалайды. Ал әлеуметтік желіде көпшілік аузына келгенін айтып жатыр. Мұның бәрін оқып, жүрекпен қабылдау бізге оңай емес. Жеңсе – төбеге көтеріп, жеңілсе – жерге ұратынымыз өкінішті.
Біз Асланбек Шымбергеновтің жапондық Окадзавамен болған жекпе-жегіне қатысты шағым түсірдік. Халықаралық Олимпиада комитетінен жауап та келді. Олар өздерін ақтап, Асланбектің жеңісін мойындамай отыр. Мұны әрі қарай дамытып, Спорттық арбитражды сотқа (CAS) шағымдансақ деп ойлағанбыз. Бірақ Олимпиада қарсаңында мұның бәрі бізге керек пе? Осыны да ұмытпау керек. Ал Карина Ибргаимоваға қатысты зерттеу әлі де жүріп жатыр», - деді Азиз Қожамбетов.
Қазақстан боксшылары Азия Ойындарында 71 келіде бұған дейін 3 рет алтын алған еді. Мәселен, 1994 жылы Қазақстан егемен ел ретінде алғаш рет аталған жарысқа қатысып, сол жолы кентаулық Қанатбек Шағатаев жеңімпаз атанды. Бұл көрсеткішті 1998 жылы Таиландта өткен құрлық ойындарында Ермахан Ыбырайымов қайталады. Ал соңғы рет 2002 жылы белгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 71 келіде Пусандағы Азия Ойындарында алтыннан алқа тақты.