Мырзағали Айтжанов Спартакиадаға боксшы қатыстырмаған облысты сынға алды

Редактор
24.11.2023, 17:23

Байрақты жарысқа тек үш өңір ғана толық құрамда қатысқан

olympic.kz

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов 13-19 қараша күндері Астанада өткен Спартакиада ойындарында бірнеше ұятты жағдайлар орын алғанын атады. Журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында белгілі бапкер сыни мәселенің көптігін атаған.

Мәселен, аталған додаға еліміздің бірқатар өңірінен аз ғана боксшы қатысса, Солтүстік Қазақстан облысы байрақты додаға бірде-бір боксшы жібермеген.

«Қазақстанда боксты жақсы көретіндер көп дегенімізбен, үш облыстан ғана толық құрамда боксшылар қатысты. Оның ішінде Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстары бар. Қалған командалардың дені 7-10 аралығында боксшы қатыстырса, кейбір аймақтар 4-5 адаммен шектелді. Ал СҚО бұл сынға еш боксшысын қатыстырмады», - деп қынжылыс білдірді Мырзағали Айтжанов.

Аймақтардың спортқа деген көзқарасына налыған бапкер мұның өте ұятты оқиға екенін айта келе, деңгейі биік жарысқа бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.